«Мәңгілік Ел» - ұлттық идея ретінде

«Мәңгілік Ел» - ұлттық идея ретінде.

Тобаджанов Рахат Тарих мамандығының 2 курс магистранты

Адам – қашанда еркіндікті, бостандықты аңсайды, тек аңсап қана қоймай, сол үшін әдіс-тәсіл іздейді, күреседі.

Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – асыл арман. Оған жетудің жолы әрқилы. Негізгісі екеу. Бірі – күрес жолы, екіншісі келісім жолы. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмау керек. Ал, ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат – мұрат керек.

Ұлттық идея - халық мұраты. Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып.

Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi.

 

Әрбір тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ және де кең ауқымды адамдар тобының санасы мен жүрегін жаулап алуда ешбір идея тиімділігі жағынан ұлттық идеямен теңдесе алмайтыны анық.

Ұлттық идея - ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көзқарастар. Зерттеушілер бұл үғымның екі қырына баса маңыз береді. Бір жағынан, қауымдастықтың өзін-өзі ұлт деп танып, түйсінуі, екінші жағынан оның ерекше тарихи адамдар қауымдастығы ретіндегі өз көзқарастары, ұстанымдары, құндылықтары жайлы жалпақ әлемге жар салуы.

Тарихта мемлекет пен қоғам көшбас­шылары халықтың интеллектуалдық күш-қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ор­тақ мақсатқа бастайтын жалпыұлттық идея тауып отырған. Қиын-қыстау кезеңнен ұлт­ты алға сүйреп шығаратын ұлттық идея­лар мен ұлттық бірегейліктердің әлем­дік тәжірибесін көптеп кездестіруге болады. Ұлы депрессия жылдары АҚШ-ты шыңы­рау­дан алып шыққан Рузвельттің «Жаңа курсы», одан кейін Дж. Кеннедидің «жаңа қоғамы» түптеп келгенде «америка­лық ар­манның» құрамдас бөлігін құрады. Қазіргі кезде америкалықтар өздерін әлемдік көшбасшы, бір полюстік әлемнің орталығы ретінде сезінеді, рухтанады. Екінші дүние­жүзілік соғыста күйрей жеңіл­ген Жапония­ның қарыштап дамуына күшті идеология­лық тұғырнама себеп болды. Жапония соғыста тас-талқан болып жеңіліске ұшы­рағаннан кейін «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек. Қан майданда жеңілдік, бірақ экономикада жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. «Игілікті мемлекет» ұранын көтер­ген Исибаси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жоспарлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің экономикасы өрлей бастады. Күншығыс елі ақыр соңында әлем­дегі көшбасшы мемлекетке айналды. Түбі бір, саяси жүйесі бөлек Солтүстік Кореядан қауіпсіздігін қам­та­масыз етуді басымдық тұтқан Оң­түстік Кореяның ұлттық идеясының мәні – бұрынғы отарлаушы ел – Жапонияны экономикалық даму жағынан қуып жетіп, басып озу болды. Кінәсін мойындау идея­сы және оны жалпыеуропалық құндылық­тарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзі­нің ұлт­шылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызғаны анық. Бір кездері генерал Шарль де Голльдің «Ұлы Франция» ұлттық идеясын жүзеге асырғаны белгілі. Өмірінің 27 жылын түрмеде өткіз­ген Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасында ақ не қара нәсілге бөлмейтін, яғни апартеидсіз ел саясаты ОАР-дың ұлттық идеясына айналды. Бұл ұлттық идея жүректерге жол тауып, әлем­нің қол­дауына қол жеткізіп, ОАР-дың өр­леуіне мүмкіндік берді.

Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы - қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру болса, одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды.

Елбасының биылғы Жолдауда айтқан «Мәңгілік Ел» идеясы да осыдан туындаған деп ойлаймын.

«Мәңгілік ел - ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел», - деді Президент.

Қазіргі уақытта Мәңгілік Ел болу үшін азаматтарымыз (әсіресе жастар) білім, ғылыммен мықты қаруланған болуы қажет. Себебі, кез келген мемлекеттің басты байлығы ол халқы, адам капиталы. Сондықтан Мәңгілік Ел болу үшін әр азаматымыз осы бағытта жұмыс жасауы керек. Бұл әрине оңай шаруа емес.

Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың сөзімен айтатын болсақ:

«Қазақтың ендігі ұлттық идеологиясы осы «Мәңгілік ел» деп ойлаймын. 2050 жылы біз «Мәңгі ел» бола саламыз деп ешкім кесім жасай алмайды. Елбасы оны айтып отырған жоқ. Қазақтың түпкі арманын меңзеп отыр. Халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек. Бұл кешегі Жолдауда айтылған, қазақтың көкейіндегісін дөп тапқан сөз болды деп санаймын».

Тәуелсіздік- қасиетті сөз, қастерлі де киелі ұғым. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, жықпай ұстау, біздің қолымызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оның  көзіміздің қарашығындай қорғау,  баршамыздың борышымыз. Ұлттық санамыз саяси өрісіміз сілкініс жасап, өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз.

Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап жалғастыру біздің еншімізде екеніне мақтанамын.

Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын.

ХХІ ғасыр басындағы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды ертеңгі нұрлы болашаққа, кемел келешекке апаратын біз - жастар. Ендеше қияметтің қыл көпірінен сүрінбей өткен, тәуелсіз Қазақстанымның табанының тұғырдан таймауын тілеп, асыл мұраты алға жетелесін демекпін.